Блог статистикасы
195
Жазбалар
3619
Өтініштер
153473
Келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)
Басу хат жіберу 2 Октября 2018

Қостанай облысындағы шалғай ауылдарға ауыз су жетті

Қостанай облысы Амангелді ауданының ауылдарына ауыз су құрылғылары орнатылды. Қостанай облысының орталығынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан Амангелді ауданында мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асып келеді. Мұндағы Амантоғай және Жалдама ауылдарына орталықтандырылған таза ауыз су құбыры келді. Бұрын осындағы Кеңес Одағы кезінде салынған су құбырының әбден тозығы жеткен-ді. Су тартқышты Арқалық қаласындағы «Аллюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тартты. Құрылыс жұмыстарына бір жылға жуық уақыт жұмсалды. Жоба елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, құны - 480 млн теңге. 

Құрылыс-монтаж жұмыстарына республикалық бюджеттен 432 млн 714 мың теңге, облыстық бюджеттен 48 млн 79 мың теңге қаражат бөлінді. Жүргізілген құбырдың ұзындығы - 22 шақырым. Амангелді ауданының құрылғанына 90 жыл толуы мерейлі мерекесі кезінде орталықтандырылған су құбыры салтанатты түрде ашылды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл жұмыстың, су тартқыш құрылғылардың өте сапалы жасалғанын айтты. «Елді мекендер үшін ауыз су мәселесі өте маңызды. Елбасы тапсырмасымен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету ісі атқарылып келеді. Сапалы атқарылған жұмысы үшін мердігер ұйымға ризашылығымды білдіремін. Жалпы, Амангелді, Есір, Амантоғай және Үрпек ауылдарына су құбырын тарту үшін 2 миллиард теңге бөлдік. Жол да салынды, ауыз су бар, 15 қазан күні Арқалықта ет комбинаты ашылады. Мұның барлығы ауыл тұрғындары үшін. 

Атқарушы билік органдары шалғай ауылдардың жағдайын үнемі назарда ұстайды», - деді Архимед Мұхамбетов. Амантоғай ауылдық округі әкімі Жұманияз Ілиясовтың сөзінше, ескі құбыр кезінде тұрғындар күніне бір-бір жарым сағат қана су алатын, енді үйге тәулік бойы мөлдір су келіп тұр. «Ауыз судың сапасына бас мән берілді. Құрылғылар автоматтандырылған. Су өткізгіштер де бүгінгі күннің талаптарына жауап береді. Су сорғыш құрылғының ұзындығы 1,6 шақырым. Су бар, жол салынды. Осы жаңалықтарды естіп, ауылымызға көшіп келушілердің қатары көбейе бастады», - деді ауыл әкімі. Заманауи су тартқыш 238 үйді, 9 нысанды ауыз сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Еске салсақ, Амантоғай және Жалдама ауылдарының іргесінен өтетін «Арқалық-Торғай» тас жолының жөнделуі аяқталуға жақын.



хат жіберу