Блог статистикасы
196
Жазбалар
2824
Өтініштер
135086
Келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)
Басу хат жіберу 6 Июля 2018

Астананың 20 жылдығы: Қостанайда қоныс тойы өтіп, заманауи диірмен іске қосылды

Қостанайда Астана күнін атап өту Тобыл жағалауынан бастау алды. "ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы" саябағында салтанатты шара ұйымдастырылып, оған облыс әкімі Арxимед Мұxамбетов қатысты.

"Біз бүгін керемет мерекені атап өтіп отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын Елбасы жарлығымен Астана қаласы Қазақстанның бас қаласы болды. Елордамыз қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағының нышанына айналды. Ол – Тәуелсіздіктің төл перзенті. Астананың осынау жетістігінде еліміздің әр өңірінің еншілі табысы бар, оның қатарына Қостанай облысының дамуын да үлгі етіп қоса аламыз. Бүгін біз істеген еңбектің бәрі ертеңгі тарихқа айналады, ал сол ертеңіміздің қандай болмағы әрқайсымызға байланысты. Өйткені біз бірлік-береке арқылы ғана жаңа табыстарға жетеміз. Тек табанды да ақадал еңбекпен ғана өмірімізді жарқын ете аламыз", — деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде. Жүрекжарды лебізінен соң бірнеше ел азаматы Астананың 20 жылдығына арналған медальдармен марапатталды. Мерекелік медаль таққандардың қатарында медицина қызметкерлері, ақындар, облыстық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері және басқалары бар. 

Астана күні мерекесінде Архимед Мұхамбетов пәтер кілтіне ие болғандардың қуанышына ортақтасты. «Әуежай» шағын ауданындағы №23-24, №25-26, №30-31 тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 120 отбасы қоныс тойын тойлады. Баспана құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Мұнда пәтер кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлер мен халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтары өкілдері қоныстанбақ. Салтанатты шарада тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі қуаныш иелеріне көптен күткен пәтер кілтін табыстады. 

«Бүгін, міне, үлкен шаттыққа кенеліп отырмыз. Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаның арқасында тұрғындар баспанаға ие болды. Осы қарқынмен Қостанайды одан әрі гүлдендіріп, кеңейте түсеміз. Қазірдің өзінде «Береке» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзір. Жоспар бойынша биыл «Әуежай» мөлтек ауданында 47 пәтер қолданысқа беріледі. «Юбилейный» шағын ауданында 52 үй өз иелерін күтеді», - деді Архимед Мұхамбетов. Айта кетейік, «Әуежай» шағын ауданында тұрғындардың игілігіне берілген үйлерді «РСУ-Сәулет» кәсіпорны салды. Жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылған.

Мереке күні Қостанайда сондай-ақ астықты өңдейтін диірмен кешені іске қосылды. Оның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, әлеуетті кәсіпорындар өңір дамуының басты көрсеткіші саналады. «Аграрлы облыс үшін дәнді дақылдарды сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорынның іске қосылуы аса маңызды шара. Еліміздің бас қаласының туған күнінде әлеуетті диірмен кешенін ашып отырмыз. Бұл серіктестік өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, аграрлы саланың дамуына зор септігін тигізеді. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз. Өйткені, Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында аграрлы салаға баса назар аударуды тапсырды. Келешекте «Best Kostanay» әлемнің үздік ұн экспорттаушыларының бірі болатынына сенеміз», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.

Аталмыш кешен көлемі бойынша 1 300 тонна астықты сақтай алады. Бір күнде 700 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Мұнда жоғары сұрыпты, бірінші, екінші сұрыпты ұн шығарады. Қондырғылардың барлығы Түркия елінен алынды. «Қостанай елдегі астықты өлке саналады. Оның бидайының сапасы жоғары. Біз Швейцарияның Женева қаласында өткен сапа көшбасшылары арасында үздік танылып, алтын жүлденің иегері атандық. Әлемнің 80-нен астам мемлекеті арасында «Best Kostanay» Қазақстан атынан қатысқан жалғыз компания болды», - деді «Best Kostanay» ЖШС басқарма төрағасы Нихат Жан.

Оның айтуынша, компания кейінгі сегіз жылда диірмен жұмысымен мықтап айналысып келеді. «Мына өздеріңіз көрген аумақтағы кешенді салуға қаншама күш кетті. Тақыр жерде жаңа комбинат көтердік. Жылдық өнім көлемі 60 мың тоннадан асырамыз деген жоспар қойдық. Жоғары технологиялы қондырғылардың сапасы жақсы. Бидайды жуып, тазалап, оны жақсы үгеді. Өнім неғұрлым сапалы болса, соғұрлым өтімділігі де жоғары болады. Бізден шыққан ұнның 95%-ы Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Әзербайжан мемлекеттеріне экспортталады. Қалғаны ел аумағында саудаға шығарылуда», - деді ол.

Бұл күні Қостанай ауданының Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында облыстық ат спорты жарыстары өтті. Салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті атқарушы билік өкілдері, ардагер спортшылар қатысты. Облыстық филармонияның әртістері концерттік бағдарлама ұсынды. Әуелі, жиылған жұртқа әуесқой спортшылар қыз қуу ойынын көрсетті, білектілер аударыспаққа шықты. Сонымен, бұл жолғы аламан бәйгеден облыстың ашық чемпионатына Алматы, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан арнайы күліктер әкелінді. Соңғы айналымдарға келгенде 16 жүйрік ішінен үздік үшеуі іріктелді. Мәре сызығын Жанкелдин ауданының «Алу» арғымағы кесті. Оның иесі Баеке Аманбай облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолынан Volkswagen Polo автокөлігінің кілтіне ие болды.












хат жіберу