Қостанай облысының ресми интернет - ресурсы
Блог статистикасы
172
Blog
2372
Апелляциялық
91225
келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)
Басу хат жіберу 13 Мая 2016

Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының басшылығымен кездесті

Кездесу барысында Елбасыға Қордың 2015 жылғы және биылғы 5 айдағы қызметінің қорытындылары туралы, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан,  жоспарланып отырған жобалар жөнінде баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қордың өз қызметінде жаңа сапалы деңгейге көтерілуі қажет екенін атап өтті.

– Қор жұмысының негізгі бағыты – ғылыми бағыт. Зерттеушілік бағыттың, соның ішінде әлемдік сарапшылармен саясат, экономика, халықаралық қатынас және қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Қор жүргізетін ғылыми зерттеулер аясында елді дамытудың өзекті мәселелері жөнінде ұсынымдар әзірлеудің де өзектілігін  атап өтті.

Елбасы Қор азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатыса отырып, өз жобалары арқылы халықты барынша молынан қамтуы тиістігіне назар аударды. Бұл ретте мәдениет, өнер және әдебиет саласындағы бастамалар биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында жүзеге асырылуы қажет.

Қордың атқарушы директоры С.Нұраханов есепті кезеңде ғылыми-шығармашыл жастарды қолдау, әлеуметтік бағдары бар жобалар мен қайырымдылықты жүзеге асыру, сондай-ақ ақпараттық-талдамалық қызмет сияқты бағыттар бойынша 67 іс-шара өткізілгенін айтты.

Өткен жылы Қор жас буын үшін сыйлықтар, стипендиялар мен гранттар тағайындау жөніндегі дәстүрге айналған конкурстық бағдарламаларды іске асырды. Жұртшылықтың жоғары бағасын алған жаңа табысты жобалар қатарында «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығы бар. Сонымен қатар, «Астана клубы» сарапшылық ұйымы жұмысын жалғастыруда.

Қор жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры С.Әкімбеков халықаралық талдау орталығын үздік халықаралық стандарттарға сай дамыту жөніндегі міндеттің жүзеге асырылуына тоқталды. Институт өз қызметі аясында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар жөнінде зерттеулер жасап, баяндама дайындайды.

***

Биыл 12-ші рет өткен, «Бүгінгі бақытты балалық – ертеңгі қуатты Қазақстан» деген тақырыпқа арналған жыл сайынғы «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі» аясында ел өңірлерінен 16 үкіметтік емес ұйым Қордан қаржылық қолдау алды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қаржылық қолдауымен Кеңес Одағы батырларының, қазақстандықтардың ерліктері туралы баяндайтын «Жеңістің жалыны» атты үш томдық жинақ қайта басылып шықты.

Жыл басында жас шығармашыл қызметкерлердің мәдениет пен өнер саласындағы, сондай-ақ жас ғалымдардың ғылым және техника саласындағы жетістіктерін қолдау және бағалау аясындағы Қордың сыйлығының 21 лауреатын марапаттау рәсімі болып өтті.

Қор Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілету ісіне атсалысу мақсатымен мамыр айының басында Нью-Йорк штатында концерт және фотокөрме ұйымдастырды.  


http://www.akorda.kz/


хат жіберу
E-mail